04
май
2020
С. Молдашбаев «Дарын» мектеп- интернатының АӘТД пәнінің оқытушы- ұйымдастырушысы #БІЗБІРГЕМІЗ
Биылғы 2019-2020 оқу жылының соңғы тоқсаны еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты, ҚР Білім және Ғылым министрінің ұйғарымымен, оқушыларға қашықтықтан білім беру жүйесі арқылы жүзеге асырылып жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ұстаздар қауымы да бұл жағдайға үлкен түсіністікпен қарап, шәкірттеріне қашықтықтан білім беру, тәрбиелеу жолдарын саралап, жұмыс жүргізу әдістерін ойластыруда. ҚР білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов өз сөзінде «қашықтықтан оқытуды онлайн – оқытумен шатастырмауымыз керек. Қашықтық форматының ұғымы әлдеқайда ауқымды және бірден бірнеше әдістерді пайдалануға мүмкіндік береді. Ол өзін- өзі ширау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді. Міне, осы орайда өз шәкірттері үшін күні-түні аянбай еңбек етіп отырған ұстаздар аз уақыттың ішінде үлкен ауқымды іс атқарып жатыр.Ұстаз бейнесі - шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны - әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын өмірдің қайнар көзі. Ұстазын күнде көріп жүретін оқушылар үшін де бұл қашықтан оқу сынағы оңай түспегені рас. Кездескен қиындықтарды жеңе білуге үйренген мұғалім мен оқушы аз уақыттың ішінде тез тіл табысып, аталған оқу түріне машықтанып алды. Отандық әртүрлі телеарналар арқылы ұсынылып отырған білім беру бағдарламаларының да пайдасы зор, оның ішінде Kundelik. кz, Darun online платформалары, WhatsApp жүйелерінің де үлкен көмегін көріп отырмыз.
Әл – Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегеніндей, біліммен бірге өз шәкірттеріне тәрбие ісін қатар алып жүру, жасөспірімдерді Отансүйгіштікке баулу - мектебіміздің алдына қойған белді мақсаттарының бірі. Бүкіл елімізде 9 сәуір мен 9 мамыр аралығында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Патриот» тақырыбында әскери-спорттық іс шара өткізу жоспарланып отыр. Мұндай игі іске мектеп ұжымы да тыңғылықты дайындық істерін ұйымдастырып жатыр. Мектеп-интернат әкімшілігінің ұйғаруымен бұл жұмыстар оқушыларға қашықтықтан оқыту платформалары арқылы жеткізілетін болды. Атап айтатын болсақ, мектептегі «Айбын» әскери - патриоттық клубының мүшелеріне ҰОС кезіндегі батыр бабаларымызды, апаларымызды еске алу мақсатында «Батыр бабаларым» атты тақырыпқа фотолар, слайд, презентациялар дайындалып, оқушыларға сабақтан бос кезінде ойтолғау жазу тапсырылды. Оған қоса «Әскери - спорттық ойындар», «Пневматикалық винтовканың құрылысы және нысана көздеп ату әдістері», «Қазақстандық атақты жеңіл атлеттер», «Әскери шерулер» туралы презентациялар жасалып, қамтамасыз етілді. 10 - сынып оқушыларына «Саптық және қарумен әдістер», «Теріні қорғауға арналған жеке киімдер» тақырыбына фото, видеослайдтар жіберілді. Осындай іс- әрекеттер үйінде қашықтықтан оқып жатқан шәкірттеріміздің бойында әскери іске деген құрмет, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін дамыта түсетініне сеніміміз мол. Бала өмірге қадам жасаған сәтте оның жолында небір қиындықтар кездеседі, сол кезде өзінің тәжірибесімен бөлісетін адам сол баланың өмірінде өшпес із қалдырады. Бұл орайда оқушының білім алуы үшін және мұғалімнің қашықтықтан жұмыс істей алуына үлкен жағдай жасап отырған, білім саласындағы басшыларға, облыстық білім бөлімінің мамандарына мұғалімдердің де, ата-аналар мен оқушылардың айтар алғысы шексіз. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп айтқан Бауыржан Момышұлы бабамыздың жалынды сөзін әрқашан есте ұстап, еліміздегі қазіргі жағдайдан аман- есен шығу үшін тәртіптілікті бірінші орынға қойсақ, бұл сынақты да ел болып, халық болып жеңіп шығарымызға сеніміміз мол.
С. Молдашбаев
«Дарын» мектеп- интернатының АӘТД пәнінің оқытушы- ұйымдастырушысы
#БІЗБІРГЕМІЗ